Блог статистикасы
195
Жазбалар
5023
Өтініштер
203125
Келушілер
Облыстық Басқармалар
(жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын)
Областные управления и департаменты
(финансируемые из республиканского бюджета)

Төлеміс Шотанов, Ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқарма төрағасының орынбасары


БИЗНЕСТІ ДАМЫТУДЫҢ ӨҢІРЛІК КАРТАСЫ КӘСІПКЕРЛЕРІМІЗ ҮШІН ҮЛКЕН ДЕМЕУ БОЛАДЫ

- Төлеміс Садықұлы, кәсіпкерлікті дамытудың өңірлік картасы туралы кеңірек әңгімелеп берсеңіз. Артықшылығы неде, тиімділігі қандай?

- Бұл 14 облыс пен республикалық маңызға ие екі қаладан тұратын, энергия қуаттары, энергия желілеріне қосылу көздері және т.б., ірі, орта немесе шағын бизнес кәсіпорындарына дейін көрсетілген, әрбір ауданның факторлық талдауы берілген (табиғи-минералдық ресурстар, логистика, өткізу нарықтары, кедергілер) Қазақстан картасы. Бір қарағанда, аталған карта – өзінше бір сайт іспеттес. Оған кез-келген кәсіпкер кіріп, көкейінде жүрген барлық сауалдарға жауап ала алады. Кәсіпкерлікті дамыту картасының практикалық қолданылуы оның белгілі бір кәсіпкерлік субъектілеріне әрбір өңірдегі экономикалық мамандануды ескере отырғандағы әлеуетті мүмкіндіктерді беретіндігінде болып отыр. Бұл тек кәсіпкерлерге ғана емес, жергілікті әкімдіктерге де ыңғайлы жоба.

- Яғни, бір сөзбен айтқанда, өңірлік картаны кәсіпкерлікке қатысты іздегеніңді табатын мәліметтер қоры десек болады ғой. Мәселен, кедергілер деп қалдыңыз, өңірлерде қандай кедергілер бар екенін қалай зерттедіңіздер?

- Дұрыс айтасыз, жергілікті жерлердің өзіндік ерекшеліктерін, оған қатысты барлық қажетті ақпараттарды бір арнаға тоғыстырдық. Кедергілер туралы айтсақ, біз 8 мың кәсіпкерлік субъектісі арасында сауалнама жүргізіп, бизнес жүргізуге бөгет жасайтын кедергілерді анықтадық. Яғни өңірлердегі кәсіпкерлік бастаманы тиімді түрде өмірге әкелуге бөгет жасайтын шектеулердің барлығын осы порталға жинадық. Сонымен қатар субъектілік мәселесі де өте маңызды. Кәсіпкерлерде қандай да бір салада немесе қандай да бір өңірде серіктесе алатын тұлғалар жайлы ақпарат болуға тиіс. Соңғысы – бұл жоғарыда айтылғандардың бәрін ескере отырғанда жүзеге асыруға болатын әлеуетті жобалар тізбесі. Бүгінгі таңда елімізде бұдан басқа осыған ұқсас құрал жоқ болғандықтан, Карта кәсіпкерлеріміз үшін үлкен демеу болады.

- Сонда кәсіпкерлер өзіне серіктес бола алатын тұлғаларды, керекті ұсыныстарды қалай табады?

- Өңірлік картаның жалпы деректер базасына 306 038 кәсіпкерлік субъектісі жайлы ақпарат кіргізілген, оның ішінде 4 249 ірі және орта бизнес субъектілері және 301 789 шағын бизнес субъектілері жайлы. Жалпы жоба мақсаты – бизнес өкілдерін қолдау, жұмысы жолға қойылып кеткенше жан-жақты сүйемелдеу екенін ескерсек, еліміздегі бизнес өкілдеріне барынша тиімді болатын ұсынысты осы порталдан табатындай етіп жасадық. Артықшылығы, жан-жаққа сабылудың қажеті жоқ, барлығы бір жерден шешіледі.

- Бұрынғыдай емес, қазір бәрі өзгерді, құндылық басқа, талап та, сұраныс та бөлек. Бүгінде біздің алдымызда сыртқы нарыққа қалай шығамыз, онда өз орнымызды қалай табамыз деген секілді мәселелер тұрғаны белгілі. Осы тұрғыдан алғанда, жаңа портал кәсіпкерлердің жұмысын анағұрлым жеңілдетеді деп сенеміз. Одан бөлек кәсіпкерлерді қолдауға бағытталған тағы қандай жобалар іске асуда?

- Бүгінгідей қысылтаяң тұста бизнес өкілдеріне кәсіпкерлікпен айналысу оңайға тимейтіні анық. Десе де, дәл осындай күрделі уақытта өз кәсібін бастауға бел буып жатқандар аз емес. Оларға палата тарапынан сервистік қолдау көрсетіледі. 2015 жылдан бері Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Үкімет қаулысы мен тапсырыс беруші – Ұлттық экономика министрлігі арасындағы келісім-шартқа сәйкес «Бизнесті қолдаудың жол картасы-2020» бағдарламасы аясында кәсіпкерлікті қаржылай емес қолдау шарасын жүргізіп келеді. Өткен жылы біз бизнеске сервистік қолдау көрсету, ақпараттық кеңес беру, бизнес оқыту секілді негізгі үш бағыт бойынша кәсіпкерлерге қызмет көрсеттік. Қазір сервистік қолдаудың инфроқұрылымы толықтай қалыптасты деуге болады, яғни, еліміздің әр аймағында палата мен оның өңірлердегі филиалдарының базасында Кәсіпкерлікті қолдау орталықтары ашылып, тұрақты жұмыс істей бастады. «Бір терезе» жүйесі бойынша қызмет көрсететін бұл орталықтар бизнес өкілдерінің жұмысын барынша жеңілдете түсті десе болады. Ең әуелі мұндай орталықтарды ашудағы мақсат – халықтың кәсіпкерлікпен айналысуға деген ниетін арттыру болып отыр.

- Жоғарыда бизнесті дамытудың өңірлік картасына әрбір жергілікті жердің өзіне тән факторлары енгізіліп, бизнестің өрістеуіне кедергі келтіретін жайттардың жалпы мәліметі ортақ порталда жинақталатынын айттыңыз. Осы кедергілерді анықтап, порталға топтастырып қана қоюмен шектелмейтін боларсыздар, әкімшілік кедергілерді болдырмау, я болмаса азайту үшін қандай шаралар жүзеге асырылып жатыр?

- Сұрағыңыз орынды. Ұлттық кәсіпкерлер палатасы бизнестің дамуын тежейтін әкімшілік кедергілерді мейлінше азайту, алдын алу бағытында көптеген іс-шаралардың ұйытқысы болып жүр. Бұл мәселелер заң жүзінде реттеліп жатыр. Кәсіпкерлікті қолдау орталықтарының негізгі мақсаты да сондай келеңсіздіктерді болдырмау. Яғни, барынша әкімшілік органдармен қатынасуды азайтып, олардың тарапынан орын алуы мүмкін жемқорлық мәселесіне жол бермеу. Сонымен қатар, қандай да бір түсінбестік орын алмас үшін өзіміздің кеңесшілердің жұмысын да үнемі қадағалап отырамыз. Кәсіпкерлер арасында арнайы сауалнама жүргізіліп, орталық қызметіне көңілі тола ма, сын-ескертпелер немесе ұсыныс-тілектері бар ма, соның барлығын зерттеп, біліп отырамыз. Сондай-ақ, әрбір азамат Ұлттық палатаның байланыс орталығына хабарласып, өз мәселесін айта алады. Яғни, кәсіпкерлер үшін неғұрлым ыңғайлы, оңай әрі жылдам болғанын ойластырдық. Жалпы, бұл аяқ астынан, ат үсті бола салған шаруа емес. Мұның барлығын алдын-ала ойластырып, тыңғылықты жоспарладық. Әуелі тәжірибелі мамандарды, кәсіби кеңесшілерді еліміздің түпкір-түпкірінен жинадық. Барлығы 800 кеңесші белгілі квалификациялық талаптар бойынша іріктелді. Олар еліміздің 14 облысы мен Астана мен Алматыда Кәсіпкерлерді қолдау орталықтарында түрлі бағытта қызмет көрсетуге жұмылдырылды.

- Ал бұл жұмыстың тиімділігі қандай?

- Мәселен, өткен жылда 30 мың кәсіпкерге 40 мыңға жуық қызмет көрсетілді. 212 мың консультация жасалды. Тіпті жоспарды (140 мың) асыра орындап отырмыз. Мұның барлығы тапсырыс берушіге әзірленетін құжаттармен расталады. Айта кету керек, бұл әрі бір ғана бағыт бойынша, яғни, сервистік қызмет көрсетудегі көрсеткішіміз. Басқа да ауыз толтырып айтарлықтай нәтижелеріміз баршылық.

- Жөн екен. Айтыңызшы, нақты қандай бизнес жобалар Ұлттық кәсіпкерлер палатасының көмегімен жүзеге асты?

-   Бір нақты сан дерек келтірейін. Біздің орталықтардың көмегіне жүгінгеннен соң 2880 кәсіпкер қаржылық қолдауға ие болды. Олар негізінен жылыжай шаруашылығы, мал шаруашылығы, қызмет көрсету секторынан – монша, шаштараз, ателье, химтазалау секілді шағын және орта бизнес субъектілері. Біз кәсіпкерге бизнес жоспарын жасауға көмектесеміз, ол банкке барып, өзінің жоспарын жүзеге асыру үшін қаржы алады. Яғни, палатаның қолдауының арқасында жаңа кәсіпкерлік мекемелері пайда болуда. Бұл дегеніңіз жаңа жұмыс орындары ашылып, салық төлеушілердің саны артуда деген сөз. Жалпы, палата өкілдері үнемі ізденіс үстінде жүреді. «Келешекте қай бағытта дамуымыз керек? Кәсіпкерге сервистік қолдау көрсету жұмыстарын заман ағымына сай қалай жетілдіре аламыз?» - деген секілді сауалдар бізді ылғи толғандырады. Кәсіпкерлерді қолдау және Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталықтарының «бір терезе жүйесімен» қызмет көрсетуі аса маңызды. Яғни, кәсіпкер өзіне керегінің барлығын бір жерден таба алуы тиіс. Бизнесті дамытудың өңірлік картасын әзірлеуіміз де осындай игі мақсаттан, нақты жоспардан туындады. Жоғарыда картаның артықшылықтары туралы айтып кеттім ғой. Дәл қазіргі уақытта нарықты дұрыс таба білу аса маңызды екені сөзсіз.

-         Әңгімеңізге рахмет!

хат жіберу